Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  84


Автор: Әбубәкір Қайран

Шым-шытырық түс көрдім өткен жолы...

Шым-шытырық түс көрдім өткен жолы –
Ауыл көрдім ақ үйлі бөктердегі.
Бөктердегі ауылда бөтен бір жұрт,
Біреу келді өзімді тексергелі.
Мінген атым астымда құлан екен,
Құлан атым табандап тұрады екен.
Тексеруші келгенде тергеп мені
Дей беріппін: “Менікі мына мекен”.
Сөз сөйледі тергеуші кесектеніп,
Мен жатырмын сөзіне есеп беріп.
О, сұмдық-ай, сол кезде құлан атым
Аяқ асты кеткені есек болып.
Енді бірде тұр екем тал басында,
Тау екен деп ойлағам алғашында .
Енді бірде келемін өлең айтып,
Бірге оқыған Витяның арбасында.
Жеккен аты баран ба, қылаң ба әлде?
Біле алмаймын – түсіп тұр тұман жерге.
Жүрісті екен жануар, желісті екен,
Бағанағы мен мінген құлан ба әлде?
Сонан кейін не болды?..
Бұлдыр-бұлдыр.
Неге жөндеп кірмейді түсі кұрғыр?!
Терлеп-тепшіп ояндым сөйлеп жатып,
Қазақша емес... бір тілде былдыр-былдыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу