Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  95


Автор: Әбубәкір Қайран

Жаңа жыл жетті...

Жаңа жыл жетті –
Жап-жарық жалғанға жетті,
Ескі жыл бақи дүниеге барғанда жетті.
Қуанды біреу –
Құлпырды жапырақ жайды,
Суалды біреу –
Көкөрім арманда кетті.
Ыстық қой, ыстық адамға өмір дегенің,
Ғаламға қарап, адамның көзін көремін.
Жылымға кеткен жылдарды, жылап еске алып,
Жаңа жыл келсе жасарып, көңілденемін.
Жылдардың жырын біз қалай байыптамайық,
Ғасырға күйе болғанын айыптамайық.
Жылдардың жаны жылайды, өксиді қатты,
Адами коғам ақсаса ғайыптан тайып.
Жастық жүр жасыл дүниенің жаулап алаңын,
Мен дағы кейде нөсердей саулап ағамын.
Қарттық жүр қарап біздерге қамқоршы болып,
Аман бол деймін, аман бол, пәруәналарым!
Жаңа жыл жетті.
Уақыт бұл ұрланып жатқан,
Сақтасын күннен сансырап, мұңданып батқан.
Өмір теңіз ғой, өзгеріп тұратын ылғи,
Тұнжырап баққан, кей сәтте тұлданып бакқан.
Аз ба, әдде көп пе, күндерді қарызға алғанбыз
Бұйырық – біреу, тәңірге арызданбаңыз.
Адамдық сәуле адамға керегі жалғыз –
Тағы звондаңыз достарға, тағы звондаңыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу