Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  93


Автор: Әбубәкір Қайран

Мезі етеді

Мезі етеді барлығы,
Мезі етеді,
Мезі етпейтін шақтарың тез өтеді.
Мерекелеп жатқавда мейрамыңды,
Келекелеп біреулер сөз етеді.
Сөз етеді,
Бойыңды түзетесің,
Суға салған болаттай “быж” етесің.
Күл етесің
Күлкінді бетіңдегі,
Дір етесің –
Өзіңді күзетесің.
Күзетесің күпір ой,
Күнәлардан,
Өтіріктен,
Өсектен шығар алдан.
Өкпелерден,
Наздардан, уайымнан,
Адамдардан,
Арақтан, сыралардан,
Күзетесің...
Өгейсіп тұрады арман...
Мезі етеді қала да,
Ауылың да,
Мезі етеді көктемгі жауының да.
Мезі етеді достардың алақаны,
Жиі-жиі қағатын жауырынға.
Мезі етеді...
Мейірім сағынасың.
Сағынасың.
Сарғайып сарыласың,
Таба алмайсың,
Таппайсың, табынасың.
Тыныш жүрген басынды тағы ұрасың,
Қараланып...
Қайтадан арыласың.
Мезі етпейді.
Не нәрсе мезі етпейді?
Жүрегіме, айтыңдар, не жетпейді? ‘
Керек дейді,
бірдеңе керек дейді.
Бір сағыныш кеудемде безектейді,
Не жетпейді бұл маған, не жетпейді?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу