Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  99


Автор: Әбубәкір Қайран

Қылыш ұстап көрген жоқпын қолыма...

Қылыш ұстап көрген жоқпын қолыма.
Сабы қандай, жүзі қандай –
Сезе алман.
Оны қадап кетсе біреу жолыма,
Бас салар ем –
Сол бір сәтте жоқ арман.
Атсыз, затсыз бір от ойнап көзімде,
Қылыш жүзін тырнағыма салар ем,
Ұмыт болып өзге-дағы
Өзім де,
Алдаспанды дереу белге тағар ем.
Қан төгісу, кек алысу маған дәл,
Арман емес, ол-дағы емес жетерім.
Қылыш барда,
Білсін деймін адамдар,
Өмір сүру сәл қиындау екенін.
Көрсін деймін елестетіп көзіне.
Бабалардың басы доп боп ұшқанын.
Қарап қойсын бейбіт аспан көгіне,
Іздемесін дәл жанынан дұшпанын.
Қылыш тағып, алшаң қағып мен жүрсем,
Қылыш тағып мені біреу іздей ме?
Жаңағы ойға адамдарды сендірсем,
Сол қылышты қояр едім музейге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу