Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  110


Автор: Әбубәкір Қайран

Суық ауа

Суық ауа,
Сұр ауа,
Сұлу ауа
Сұлқ кеудеме кіргендей жылу ала.
Сұлу ауа кіргенде жылу ала,
Менің тәнім қоймайды суына да.
Удан ащы үйретіп уайымға да,
Көшіп кеткен көзімнен сайын дала.
Шымшып тұрған кеудемді уайымды ала,
Сыңсып тұрған сиқырлы қайың ғана.
Көз алдымнан тағы да көш көшеді,
Көштің ізі көзімнен өшпесе еді.
Өшпей қалған сол ізбен жүгірген қыз.
Көлдей етіп көз жасын төкпесе еді!
Сыр-сыр етіп кеудесі барады күз.
Шыр-шыр етіп жылады манағы қыз,
Манағы қыз дегенім – қарағыңыз.
Қарағыңыз – кәдімгі қазағыңыз,
(Қатты-қатты тартты ма қабағыңыз?).
...Суық ауа,
Сұр ауа,
Сұлу ауа
Шомылдырып тастады буына да.
Бұл өмірдің ет өліп, уына да,
Сіміре де саламыз, жуына да.
Суық ауа...! Сүлу ауа!..
Ең тәтті дәм – өмірдің уы ғана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу