Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  101


Автор: Әбубәкір Қайран

Қазақы үн

Кеудемді бір кернеп-ақ тұр қазақы үн,
(Қазақы үнсіз жүрек құрғыр сазатын).
Мен атаның көргені көп ұлы едім,
“Алтын шыққан жерді белден қазатын”.
Соқталы ойды соза түсіп тізгінше,
Көк дөненге мінер менмін – бір мінсе.
Арып ашу, ардан қашу, әншейін,
Алтынды да терең қазу біздіңше.
Біз емеспіз білмес оймен бас бағар,
Бұл туралы айтқан біздің қасқалар.
Алтынды да алып берсін басқалар,
Арқамды да қасып берсін басқалар.
Күн жарықта тілемейміз басқа дау,
Өзіміз де, жолымыз да қасқалау.
“Пендешілік неге керек осы?!” деп
Кең көсіліп көкке қарап жатсақ-ау.
Қарқылдайды кейбір халық қарғадай,
Өмір сүрсе өле ме екен зарламай?.
Біз келеміз ескі көштің ізімен,
Бабам жеккен белі жуан арбадай.
Қазақ жоқта “қазақ” деген ат алған,
Бұл арба да қалған мұра атамнан.
Атам айтқан: “Арба барда, ат барда,
Қалмаймыз – деп, – озбаймыз –
деп – қатардан”.
Кеудемді бір кернеп-ақ тұр қазақы үн.
Шарап бар ма басымды ептеп жазатын?
Бір тілегім: алмаса екен біреулер,
Менің марғау мишығымның мазасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу