Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  112


Автор: Әбубәкір Қайран

Күн шыққан соң күрсінесің сен ақыр...

Күн шыққан соң күрсінесің сен ақыр,
Тәтті түсті тандайға сап таң атыр.
Тор қалтасын толтыра алмай томсарып,
Сүт бидонын саддырлатып қала тұр.
Жинай қойған өрмекшідей өрмегін,
Түн кетеді тиеп алып көр – жерін.
Күн шығады сұқ саусағын шошайтып,
Алматының шұқи жаздап көздерін.
Бір тұманы, бір тұмауы серпілмей,
Сүрғылт ауа сызданады... өлтірмей.
Анда-санда бір трамвай өтеді,
Тас кебісі тарсылдаған кемпірдей.
Ерттемей-ақ “ит тірліктің” есегін,
Түнде жүріп түгендеген есебін.
Марғау жігіт сипалайды ыңырсып,
Жан жарының суып қалған төсегін.
Міне, осылай, Алматының таңы атты,
Аналарға арқалатып азапты.
Көшелер тұр маскүнемдей мең-зең боп,
Түні бойы сілтеп алған арақты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу