Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  92


Автор: Әбубәкір Қайран

Ұшар жағын біліп ұшар торғай да....

Ұшар жағын біліп ұшар торғай да,
Білесің бе, сен жүретін жол қайда?
Ұл атыңа ұраның да сай болсын,
Жалғандықпен күресуге бел байла.
Кекке суар сен өзінді сол үшін,
Сен өйткені ақиқаттың көзісің.
Махаббатқа қорған жаса кегіңмен,
Шын досыңа берем десең қол ұшын.
Ақыл билеп тұрған мынау заманда,
Сенген дұрыс тек сенімді адамға.
Күңірентер күндер келсе бір кезде,
Сенде қайна, ол қайнаған қазанда.
Асау толкын ойнап жатса қаныңда,
-Жамандарға күнің үшін жалынба.
Жатырқамай, жақын келтір өздерін,
Жүре білсе, жүрсін біраз жаныңда.
Күншілдігі қозса, қозсын асылсын,
Мейлі алдыңа тәжім етсін, бас ұрсын,
Ол өзінің сорлылығын түсінсін,
Не болмаса бүркемелеп жасырсын.
Сені көріп сасар болсын ол бейбақ,
Қашар болсын қиыс кетер жолды ойлап.
Ұзатып сал арамдықтың сұлбасын,
Бірақ оны шақырмағын айғайлап.
Ұшар жағын біліп ұшар торғай да,
Білесің бе, сен жүретін жол қайда?
Арамдықпен алысқанды білген жөн,
Адалдықты білу керек қорғай да...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу