Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  129


Автор: Әбубәкір Қайран

Ойлар, Ойлар

Ойлар, Ойлар
Жанды жеген жегілер,
Жегілер де жегілерден жеңілер.
Жеңген менен жеңілгенің майданын
Көргің келсе–
Көп іздеме, мені көр.
Жұпар кеуде, жұлдыз көзді, гүл қанат,
Періштемді пері нәпсім ұрламақ...
Адал ардай ардақтаған мөлдірім,
Көздерімнен ағып түсті сырғанап.
Бота күнім боз дүниеден сәуле емген,
Желп-желп етіп өте шықты дәуреннен.
Бозбала күн – кемпірқосақ, ол да өшті,
Жетеу емес, жетпіс түспен әрленген.
Қарамайтын жігіттей боп қызға тік,
Тұрады ылғи тұмшаланып бір бақыт.
Ол қай бақыт?
Біле алмадым мен соны,
Жүріп алды жүрегімді сыздатып.
Қанша қыс кеп, қанша көктем құлпырды,
Кәрі емен де биіктерге ұмтылды.
Бәрі соның әсем сынды бір түрлі,
Бәрі соның ... бекер сынды бір түрлі.
Күзде қайдан келе қойсын көңілді ой,
Сары... Сары жапырақпен көмілді ой.
Жанға жара салатын да өмір ғой,
Жан жарасын жазатын да өмір ғой.
Ойлар, ойлар
Жанды жеген жегілер,
Жегілер де жегілерден жерінер.
Ой көтеріп ойға қарай жөнелген,
Өмір – менмін, өмір – сенсің, өмір – ол.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу