Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  100


Автор: Әбубәкір Қайран

Не деймін???

Досым айтты:
“Есімді еңді алмаңдар.
Әңгіменің бәрі біткен... Рәсуә!
Қыран болып...
Қырғи болып самғаңдар,
Бірақ менің қонбаңдаршы қасыма.
Мен – адасқақ,
Мынау бытқыл жалғанның
Түлейіне, қалыңына түкірдім.
Күю, сүю,
Ойнау, күлу –
Қалған мұң,
Омыртқасын көр түзейді бүкірдің.
Бір дауыл кеп жүрегімді дал-дұл ғып,
Бірнайзағай... тағы аямай түйреген.
Жаным менің –
Жаңбыры жоқ жалбыр бұлт,
тері сынды тексіз қатын илеген.
Есек дәме –
ессіздердің сүйгені,
Есалаң боп естілер жүр –
дәруіш.
Күледі, әне, күрең атты,
күймелі,
Күйсіздерге бермесе де нан уыс.
Жердің беті –
Жансебілдің Отаны.
Жәдігөйдің және де осы мекені.
Бет-ауызы
бояу, сүрме, опалы
қаншықтар да,
қаңсықтар да жетеді.
Амал қанша!
Кеудем барда тым асқақ,
мен соларға ата алмадым төтен үн.
Бұл жалғанның жалғандығын растап,
мың саудагер миды жеді...
Не етемін!?
Мен тоқтадым.
Тоқтадым да бұзылдым:
Тоқтау судай кім көріпті шерліні!
Сайқалдардай келмес, сірә, сызылғым,
Сайтандардың күні дағы белгілі.
Енді маған қалғаны не?
Арман ба?
Кірлеп, тозып бітті-ау деймін сол байғүс;
Үміт оты бір жылт етіп қалғанда.
Қиял-құсқа деуші едік қой: “Самғай түс”...
Құр өтірік,
Кіл өтірік, кіл алдау,
берер болса, бермес пе енді бүгін бақ?
“Ертегің де, ертеңің де тұмандау” –
дейді маған ібілістер сыбырлап.
Ертең дейміз...
Ертең басы – бүгіннен.
Ал бүгінім көтермей тұр иегіні
Абай шал да “бүгінінен” түңілген,
Көрмес жерін көргеннен соң дүниенің.
Жоқ, жоқ енді
менің есімді алмаңдар.
Солай, достым,
мен бәрінен түңілдім,
Мұның бәрі – бұрынғыдан қалған зар,
Бір Тәңірдің алдына тек жүгіндім...”
...Досым солай зарын төкті...
Не деймін?
Қалай, кайтіп қолтығынан демеймін?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу