Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  117


Автор: Әбубәкір Қайран

Майысып гүл маужырап...

Майысып гүл маужырап,
Мамыр айы түр күліп.
Былдырлайды бал бұлақ,
Бар екенін білдіріп.
Қозғап, түртіп сезімді,
“Қадірімді білші-ай” деп,
Аспан ару керілді,
Шымылдығы шымқай көк.
Көбелекпен жарысып,
Көп ойнады бір бала.
Ат басымен алысып,
Жігіт шықты қырлана.
“Құпиямды ел біліп.
Қоя ма?” деп бойжеткен –
Терезеден телміріп,
Сығалайды әйнектен.
Жұдырыктай тұмсығы,
Сақал-мүртсыз шал отыр.
Зыр-зыр етіп ұршығы,
Дейді кемпір: “Әрі отыр”.
Шал қараса, кемпірдің
Тоқ секілді қалтасы.
“Келіп отыр желпінгім,
Бір жүз грамм болсашы!”.
“Әдірем! – деп кемпірі
Әжімдерін жиырды. –
Отырғанда сен тірі
Жеп боларсың миымды...”. .
... Мамыр қандай жақсысың!
Мамыр, майсың, майдасың,
Жастықпенен жастысың,
Кәрілікке қайдасың?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу