Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  140


Автор: Әбубәкір Қайран

Би үстінде

Қызғаныштан өліп-өшіп,
барамысың сен, қалай?
Жан жарыңның көңілі өсіп,
нұрланады... Жалған-ай!
Сиқыр күліп сырғалары,
гауһар жүзік көзге үрып.
Жат құшақта ырғалады,
намысыңды қоздырып.
Қара жалын – қара шашы,
сенің жүрек – жалауың.
Қара шашқа... қарасаңшы
Тығыпты “анау” танауын.
Қыл мықында қара білек,
Өзі жүндес, өзі нән.
О, әбілет! Қара жүрек!..
Қатігез ең не қылған!..
Жас арудың жанарына,
қалған сынды жас тұнып.
Егіз шыңдай анарына,
Қонған сынды жас бұлт.
О, сайқал-ай!.. Тілегің не?!
Неткен найсап жүрексің!..
Мұндай бидің керегі не –
Музыканың үні өшсін!
Құшқандай жар «досын ізгі»
(Неткен нәзік жарасым...)
Алып еді-ау осы қызды
тастап қатын-баласын.
Жүзі бейне алаулы бұлт,
Балқып еді-ау сүйегі.
Анау сырға, анау жүзік,
тартқан сонда сыйы еді.
Алқынып кеп, алтын алқа,
тағып еді мойнына.
Күнде-күнде, қайта-қайта,
барып еді қойнына.
Ұмытқан-ды ұлды, қызды,
бәйбішені, үйді де.
Келе-келе, қызды-қызды,
кетті жалын күйдіре...
Қызғаныштан өліп-өшіп
барамысың сен, қалай?
Ашпа өзіңе өлім-есік,
іштен тынып, зарламай.
Той тарқасын.
Көресің ғой,
Барарсындар үйге де.
Бірақ жарға демейсің ғой –
«Енді ешкіммен билеме».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу