Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  131


Автор: Әбубәкір Қайран

Өлең

Өлең. Өлең.
Жарығым-ау, жарығым,
Аспан сынды ашығым да жабығым.
Сілкілейсің тірі ақынның жүрегін,
Сипалайсың өлі ақынның қабірін.
Өлең. Өлең.
Атың кандай назды еді!
Өн бойыңнан білінеді жаз демі.
Бір сен үшін мұңданғандар аз ба еді,
Бір сен үшін жынданғандар аз ба еді!?
Өлең. Өлең.
Қоңыр өлең, қара өлең,
Тудың бірге таумен, сумен, даламен.
Сансыратып сарғайтатын санамен,
Сен суретші сала алмайтын қара мең.
Өлең.Өлең
Жапырағым, жалғызым!
Жүріп өтсең – жүректерде қалды ізің.
Қыстың күні гүл өсіріп мұзартқа,
Жаздың күні тірілтесің қар қызын.
Өлең. Өлең.
Нәзік өлең, өр өлең,
Зағип та сен, сақи да сен көреген.
Алғаш сені ақ бесікке бөлеген,
Ақын – Ана бақытты еді не деген!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу