Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  101


Автор: Әбубәкір Қайран

Түс немесе майшамдар маскарады

“Біздер билеп, ойнап жүрміз,
Сауык-сайран салудамыз.
Бояу, нұрмыз,
ояу, дүрміз,
Жанудамыз,
Жанудамыз,
Біз–майшамдар,
Біз – жайсаңдар,
Біздер – өмір дәулетіміз,
Біздер – өмір сәулетіміз!..
Япыр-ау, бұл нендей дауыс.
Жаңылдым ба мен есімнен?
Үсті-басымсауыс-сауыс,
Сау емеспін есіргеннен.
Билеп жүрмін мен де, міне,
Санды сабап,
“Оп-па” деймін,
Мәз боламын ермегіме,
“Биле, майшам, қорықпа!” деймін.
Шындығында...
Бәрі майшам,
Мұнда жүрген достарымның.
“Саған лайық, қане, қайсы ән,
Өмірдегі қостарың кім?” –
Деп сұрайды бұраң қағып,
Көзім кетті тұманданып.
Мына біреу...
Таныс маған –
Антын берген, нан ұстаған.
Майшам болып кеткен бе өзі,
Жоқ, жоқ өрі, намыстанам.
Мынасы кім?
Түтіндеген,
Үсті-басын бүтіндеген.
Әлгі кім ғой...
О несі екен –
Түтіндеген
төбесі екен.
Көздерінің ағы алайған,
Сірә, мұның майы азайған.
Анау кім бе?
Шөре-шөре.
Көз ұялған көре-көре.
Қазір маған келеді де,
Көлгірсиді...
Керегі не?!
Басым менің айнала ма,
Лоқсығым да кеп барады.
Тұра қашсам айдалаға,
Майшам досым кеп қалады.
Ұстап алып, ақыл айтып,
Ұрсар көзін шақырайтып.
Құрысын біраз шыдайыншы,
Майшам бола тұрайыншы ...
Міне, мен де май шам болдым,
Міне, мен де жайсаң болдым.
Бүраң қағам,
Сылаң қағам,
Өзімдейлер ұнар маған.
Ал, бөтендер, ары тұрыңдар,
Қойынымда алтыным бар.
Мен – дәулетпін.
Мен – сәулетпін.
Мен – данамын,
Мен– жанамын!
Лап-лап етіп жандым біраз,
Дұшпан көзі қылайын деп.
Елдің есін алдым біраз,
“Мен биікте тұрайын” деп.
“Мен– данамын,
Мен – жанамын!”
Жандым біраз, лыпылдадым.
Жыпылықтап, жыпылдадым.
Сөніп барам...
Бекерболды-ау
Тым ертерек құтырғаным.
Жебеуші қол,
Сен кайдасың?
Жебе мені – сал майыңнан!
Тартып жатыр шалғайымнан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу