Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  101


Автор: Әбубәкір Қайран

Мен емес

Қан аралас,
Жын аралас мына әлем.
Көмкерілген күрең-қызыл күнәмен.
Бүл бір үйшік –
Күнәдан көп тесігі,
Әлдеқашан құлап қалған есігі.
Осы үйшіктің отағасы – иесі –
Мына әлемнің қап-қара дақ күйесі
Әлде ашыққан,
Әлде асыққан біреу ме,
Ақ ешкіні асып қойып іреуде.
Асулы тұр–
Аппақ Ешкі.
Ақ ешкі,
Ақ ешкіден нұр тарайды көмескі.
Ол –
Әлемнің ардағындай ақ екен,
Ол –
Әйелдің арманыңдай пәк екен.
Ақ Ешкінің...
Киесі тұр “аһ” ұрып.
Іреп жатыр ібілістей мақұлық.
Үй сыртында қарқылдайды қарғалар,
Ту сыртында – қадалады бір Жанар.
Көз – бұл!
Көз – бұл!
Көзі өлмеген Киенің –
Қимылында қап-қара дақ, күйенің.
У тарайды ібілістің миынан,
... Ақ Ешкінің Қызыл Қаны ұйыған!..
Қасапшыға...
Бір қол таяп келеді.
(Бұл киенің көрінбейтін қолы еді)
Ібіліске таяп келіп ол енді,
Желкесінен бүріп ала жөнелді.
Көр көзінен қап-қара қан атылып,
“Мен е-ме-е-ес!” деп айғалады мақұлық.
Неге ол емес!...
Кие!
Кие! Шын ашын,
Бұл пенделер мойындамас күнәсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу