Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  119


Автор: Әбубәкір Қайран

1986 желтоқсан

Қап-қара түнде
Қап-қара орман ішімен
Қалжырап, шаршап,
Ақ Сәуле аңсап келем мен.
Мұншама мұңды,
Мұншама құнды,
болады екен
жарықсыз бақсыз өмір де.
Бір жұлдыз мана
Жылтырап қана
Түр еді-ау менің көгімде.
Тұмшалап тұман,
Оны да қазір жалмапты.
Азалы бір ән
барады кернеп жан-жақты.
Тік басып жүріп,
Түнекті тіліп баратқан
Өзге ме, әлде өзім бе?
Білмеймін түкті,
Көңілім күпті.
Жұмулы менің көзм де.
Көзімді ашсам –
Жанарым жасып
Кетердей қара бояудан.
Құлақты бассам,
Етпеттеп жатсам,
Құтылсам құрғыр мына ойдан,
Құтылсам құрғыр мына әннен,
Алатын ажал,
Жұтатын тажал бұл әлде.
Айтайын өкпе,
Бармысың көкте, Тәңірім?
Таусылды арман,
Таусылды талмар азығым,
Дертіме дауа
Жоқ болды-ау. жүрек жұбатар.
Қап-қара ауа
Тәніме жұқты.
Кірімді менің кім ашар?
Бармысың Тәңір,
Бармысың, әлде жоқпысың?
Сыйладың жылау, сықтауды маған,
Сыйлашы енді оқты шын.
Қайдасың өзің,
Түнерген мынау көкпісің,
Бармысың, әлде, жоқпысың?!
Естілді, әне, естілді тағы азалы ән.
Ауырлау бұл ән.
Есімді алған жарадан,
Ән салған кімдер?
Шерлі ұл мен мұңды ер,
Шығар-ау қашқан қаладан.
Мен дағы қашқын,
Олар да – қашқын,
Ақ Сәуле іздеп жөнелдік.
Мен бейбақ– жалғыз,
Ал олар бір топ,
Тағдырын жүр-ау өлең ғып.
Айғайлап көрсем, дауысым әлсіз –
Жетер ме екен оларға?
Қап-қара түнде
Қарсақпын жортқан,
аңшылар жүр-ау сонарда.
Айғайлап көрсем,
Айғайлап өлсем...
Көметін бір жан болар ма?
Шіркін-ай, шіркін,
Қайырлы бір күн
Қап-қара мына дүние
Шүғыла нұрға толар ма?
Ей, бір туған жандар,
ұмтылған жандар жарыққа.
Қап-қара тәнді,
Қап-қара маңды,
Қап-қара заңды
сұм тағдыр
Біздерге ғана жазып па?!
Азап пен мазақ,
Тозақ пен тамұқ.
Отына
Біз күнде жанып,
Көсеу боп азып,
жүрдік қой, жүрдік,
достарым, енді шошыма.
Не қалды енді,
Өмір ме, әлде өлім бе?
Тәнімді менің,
Тәніңді сенің
Нұрымен жуар
Бір жұлдыз туар
Қазақтың мұңды көгінде.
От болып маздап,
Өртене жаздап
Тұрмын ғой менің өзім де,
Тұрсың ғой сенің өзің де...
Қап-қара түнде
Қап-қара орман ішімен
Келемін қашып –
Құтылсам қорқау тісінен.
Құдайды қарғап,
Қап-қара қанды
Қап-қара көкке түкірем.
Қаймықпан енді,
Сыйлаған шерді
Тағдырдың қатал күшінен.
Әйтеуір өзім жұмылмай көзім
Бір күні бір іс бітірем.
Нар ұлдар! Ер ұлдар!
Жүріңдер!
Қаланың қоры үшін,
даланың соры үшін .
түнекті түріңдер!
Біліңдер!
Біліңдер –
Мен де бір Ер Ұлмын.
Түнектің түріндей
Қап-қара кегімнің
Қайтарам барлығын.
Жетеді!
Адастым.
Қаңғыдым.
Ал бүгін...
Ал бүгін...
Ал бүгін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу