Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  102


Автор: Әбубәкір Қайран

Мен мұңымды сарқып іштім...

Мен мұңымды сарқып іштім
Сарқып іштім санаммен.
Мәңгі-бақи тартылыстың
Құзырында қалам мен.
Күн боламын, Ай боламын.
Айналамын осімде.
Қайғы аламын, жайланамын,
Туған жердің төсінде.
Биші қыздың биін көрдім.
Сүйінбедім... ұнаттым.
Ойларымның түйіндерін
Ойсыз жанға сынаттым.
Тауға шықтым, тасты бастым.
Қатты ұнаттым батқанын.
Қан саулады,... қатты бастым –
Бек қуантты тапқаным.
Шат боп күлдім, шалқаладым,
Ән саламын мен тағы.
Қатты ауырды қан– табаным –
Төқкерілді Жер Шары.
Төңкерілді, төңкерілдім,
Көмкерілдім аспанмен,
Осы жердің өрқенімін.
Туысы бір тастармен.
Мен дағы ертең тас боламын,
Тақ боламын бүркітке.
Тас болмасам, жас боламын –
Дос боламын кірпікке.
Тақ болсам да, тас болсам да,
Мені мәңгі берді Ана.
Жанардағы жас болсам да
Баратыным Жер ғана...
Мен мұңымды сарқып іштім.
Сарқып іштім санаммен.
Мәңгі-бақи тартылыстың,
Құзырында қалам мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу