Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  132


Автор: Әбубәкір Қайран

Сен кімсің, қазақ?

Казақ!
Сені кім деп біледі сырт ел?
Білемін–
біреуі күлер,
біреуі түртер.
Ұшады күнде көзіңнен бір мұң,
Қысады кеуде,
Қысады бір тер.
Ол тер – не тер?
Кеудеңді көтер.
Қазақ!
Қазақтық бар ма қаныңда қасық?
Бар болса–
биле (өзіңді),
Бағынба жасып.
Сабаңның түбі сасып кетпеп пе,
Неғып жатырсың дамылдағансып?!
Құмарсын-ау дамылдағанға
Құмарсың-ау дарылдағанға.
Қазақ,
Қай мықтың бүгін бас мұжып отыр?
Сүрақ па осы?!
(Қазақтығым айтқызып отыр).
Қойыңның басы қолыңнан кеткелі қашан,
“Жақының” сені жалшыға жатқызып отыр.
Болмаса ерқің,
Сен – жалшы.
Сен кім?
Қазақ!
Қашан шығасың капырық ойдан?
Санаңды сайрат,
Салмай-ақ ақырып ойран.
Құр атой беріп,
Құрықпен жауына шапқан (біреу)
Қан болып қайтып,
Қаһарсып,
Қатынын сойған.
Жат тұрмас аяп,
Жеп калма таяқ.
Қазақ!
Үркітіп сені сонау жыл шошайған мылтық.
Мың түртіп еді,
бас шауып,
бақайдан қырқып.
Қырғыннан қалды,
қызталақ, қыршаңқы, қорқақ,
Ақымақ қалды
адамсып ақиған... қыртып.
Сен соларданбысың?
Шын тоналғанбысың?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу