Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  119


Автор: Әбубәкір Қайран

Таулар шөгіп...

Таулар шөгіп,
Баулар бүлген заманда,
Саулар солып,
Жаулар күлген заманда,
Жер қуарып,
Көл суалған заманда,
Ер түңіліп,
Кер сүрінген заманда –
Жанарыңнан шыққан сөлді сия қыл!
Тоқ шайқалып,
Оқ байқалар заманда,
Көк шайқалып,
Кек қайтарар заманда,
Тулар тулап,
Қулар шулар заманда,
Гүлдер қурап,
Сулар булар заманда –
Жүрек қанын дәуітіңе құя біл!
Жан еңіреп,
Тән езілер заманда,
Ана жүдеп,
Дана егілер заманда,
Қастар тасып,
Достар сатар заманда –
Жастар жасып,
Бастар қатар замавда –
Жұртың үшін шыбын жанды құя біл!
Көктер жайнап,
Кептер сайрар заманда.
Кетпен қайрап,
Лектер қайнар заманда,
Жүрек күлер,
Тілек түлер заманда,
Білек түрер,
Шіреп жүрер заманда –
Көкірегіңді көк пен жерге ұя қыл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу