Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  169


Автор: Әбубәкір Қайран

“Мисыз” деген бір сын есім жекұрын...

“Мисыз” деген бір сын есім жекұрын,
(мүны, сірә, келмейді ғой естігің).
Бұл сын есім зат есім боп кетеді,
Көмейінен шыққан кезде естінің.
Ол өйткені “мисыз” дейді сені де,
Мейлі ызалан, мейлі жыла, еңіре.
Сын есім ғып қоймағанға шүкір де,
Сен жатасың зат есімнің тегіне.
Қалай сені “мисыз” дейді сол есті,
Жаратушың миды ұмытқан емес-ті.
Сенде аздаған ақыл да бар, ой да бар,
Кейде-кейде тартқанымен көмескі.
Сен білесің – жұмсақтық бар жастықта,
Кейбіреуге жасай алдың қастық та.
“Өй, мисыз!” деп сен де ұрсасың балаңа,
Бір кісідей жағынасың бастыққа.
Сен білесің – етті қалай жеу керек,
Жиналыста сөз сөйлейсің кеуделеп.
Неге сені “мисыз” дейді сол есті,
Ал, меніңше, сені “милы” деу керек.
“Мисыз” ылғи зат есім боп елестеп,
“Мисызбын ба?” деп жүргенің дедектеп.
“Мисыз” сөзін сын есім ғып сөйлеші
“Менің өзім мисыз адам емес” – деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу