Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  125


Автор: Әбубәкір Қайран

Жұртым тыныш , ел аман...

Жұртым тыныш , ел аман,
Көңілім менің неге алаң?
Деймін бе ертең жоғалам,
Деймін бе ертең тоналам,
Көңілім менің неге алаң?
Басымда – панам, жер – анам,
Қолымды көкке соза алам.
Жүремін десем жол аман,
Оралам десем, оралам,
Көңілім менің неге алаң?
Жанары жарық адамын,
Ұлымын ұлы заманның.
Ішкем жоқ асын арамның,
Жанатын жерде жана алдым.
Ендеше неге алаңмын?
Күнімді өткен санаппын,
Алдыма барлап қараппын.
Дәмін де таттым шараптың,
Оны да бойға тараттым.
Япырау, неткен қазақпын –
Өзіме-өзім азаппын.
Шошынам кейде, шошынам,
Іздеймін жауап осыған.
Түңілген жандай досынан,
Түнеріп келіп отырам.
Көңілім менің неге алан?
Көңілім менің неге алаң?
Өмірден бұлай өтер ме,
Өр болып туған ер адам.
Бір жүрек Отан – бір өзі,
Отанмен бірге күледі.
Отанмен бірге тілегі,
Оған да күдік кіреді.
Отаным барда ел аман,
Жүрегімменен дем алам.
Жерімді еркін кезе алам,
Бар бірақ менің шекарам...
Жасыннан келді от алғым,
Оны да жырға қосармын.
Жеңісін әлі тосармын,
Жүректей ұлы Отанның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу