Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  101


Автор: Әбубәкір Қайран

Әсер

Жатырмын,
Жалғыз, дарамын,
Жатырмын – Қайда барамын?
Түн сұлу кіріп бөлмеме
Қадайды маған жанарын,
Сыйлайды маған шарабын,
Ұятсыз ұйқы шарабын,
Ішемін соны, қанамын,
Тірі өлік болып қаламын.
Уақытша өлем,
Уланам.
Жылайды жырлар тумаған,
Кетеміз дейді желге ұшып
Жапырақ кұсап қураған,
Шыққысы келер жырымның
Көшеге анау шулаған.
Қонғысы келер жырымның
Жүрекке асау тулаған.
Тұлпардай оны тосады
Тусырап жатқан ту далам.
Білем ғой бәрін,
Түн уын
Сыйлап жүр “ішкін, ішкін” деп,
Жастыққа тамған тамшыдай,
Төсекке тамып түстім мен,
Меңіреу ұйқы күттім мен –
Жарымдай көптен күттірген
Түн тәнін ғана құштым мен.
Жатырмын.
Ұйқы құшактап,
Тәнімен ыстық баурайды.
Күндерім мені түсі аппақ
Бейтаныс жақта заулайды
Өкпелеп кеткен сонау жыл
Арудан әсте аумайды.
Жанымды солар жаулайды,
Жанымда түнек аунайды.
Түн, жаным!
Босат!
Жалынам!
Ішпеймін шарап – мен тойдым.
Жаралғам жарық жанынан –
Жібермей қойсаң – өртеймін!
Түн жаным, босат, жалынам.
Жібермей қойсаң – өртеймін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу