Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  136


Автор: Әбубәкір Қайран

Алғашқы сабақ

Жас ұстаздың жанарында жанады от,
Ол да келген бір мектепке бала боп.
Бүгін үстаз...
Бүлдіршіндер тұр күтіп,
Енді оларға сөйлеу керек дана боп.
Әлі-ақ,
Әлі-ақ қырандайын түлейді ол,
Бар балаға бақытты күн тілейді ол.
Алғаш сабақ беріп тұр ғой...
Абдырап,
Қайта-қайта галстугін түзейді ол.
«Ей, жас ұстаз!
Қысылма да, қымсынба!
Түсіп көрген талай ағаң бұл сынға.
Сабаңа түс,
Сабағыңды бастап кет,
Баяғыдай бала болып тұрсың ба?!
Естілді осы үн...
Жүзі бейне таңғы рең,
Құлағы да қалқияды қан күрең.
Алғаш түскен сөзі болды аузына,
«Ал, балалар, танысайық алдымен!»
Міне, ғажап!
Бәрі жақсы, бәрі сән,
Құлағына құйылады таныс ән.
Кеше тіпті ойлаған да жоқ еді, –
«Шәкірттермен дәл осылай табысам».
Қайта келді босап кеткен жүйе, бой,
Жүріп берді жүйрік тіл, жүйелі ой.
Терезеден ымдап тұрды Ана Күн:
«Шәкіртіңді сен де мендей сүйе ғой!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу