Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  103


Автор: Әбубәкір Қайран

Құмарым бар қанбаған...

Құмарым бар қанбаған,
Құмарым бар.
Күнім,
Түнім,
Жолдарым, ұзарыңдар.
Бір әнім бар бастаған бүгін ғана,
Аяқтайын мен соны,
Құп алындар!
Айлар менен апталар,
Ұзарыңдар,
Жылы ағындар жылжысын, бұла жылдар.
Құмарым бар қанбаған,
Құмарым бар.
Құмарлықтың артында тұра ма ызғар?
Жұт секілді жұтатын білдірмей кеп,
Сол ызғардан өле ме шын абыздар?
Шын құмартып істеген ісім де ерен,
Бір құмарым – істерім бітірмеген...
Қыз құманын көтеріп бара жатса,
Ақ шұбатым алдымда ішілмеген?
Кішірмегем мен осы құмартудан –
Құмартпасам құримын, түтінденем.
Қозға салған қорғасын секілденген
Құмарлықтан құйғандай бүтін денем.
Мен, сірә, қара қайғы – қапаста емес,
Құзырлы құмарлықтың ішінде өлем...
Құмарым бар қанбаған, құмарым бар,
Күнім, түнім, жолдарым ұзарыңдар.
Құп алыңдар, шын ғашық адамдарды –
Жалғыз рет құмардан шығарыңдар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу