Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  95


Автор: Әбубәкір Қайран

Құйын

Т. Айбергеновке
Құйындарды құйын емес дер ем мен,
Құдірет деп айтса біреу сенем мен
Бұл құйынның
Бұзықтығын кешірем –
Құйғытпаса құйын болар несімен.
Көк аспанның тіреуіндей шаншылып,
Құйын жүрер күміс күнге талпынып.
Табаны – жер,
Төбесі – көк,
Көшпелі
Дала ұлдары әрқашанда өстеді.
Жеткізбестен барша арман, барша үміт,
Құлын-құйын құласа егер алқынып.
Қайғырамын,
Қиналамын мен де шын,
Бұл сөзіме сенбегендер сенбесін.
Себебі оның,
Құйын болып өткен бір,
Қыршын аға көкейімде көптен жүр.
Сұрасаңдар,
Оның аты – Төлеген,
Жүрегі оның–
Өшпейтұғын өр өлең.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу