Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  89


Автор: Әбубәкір Қайран

Күз де келеді-ау

Күз де келді-ау күлбеттеніп,
Қарысып,
Қар да жауар жаңбырменен жарысып.
Қайтқан қаздай тізбектелген бұл күндер
Жатар әлі жас көктеммен табысып.
Күз де келді-ау...
Күлу керек дегенмен,
Жаз да келер жас келіндей безенген.
Мұңлы жеңгем мен бе деп қап қуанар
Бір салт атты шыға келсе белеңнен,
Күн ертең-ақ жаз келеді, сенем мен.
Күзде келді-ау...
Күрсінемін ақырын,
Мұңлы бір ой...
Бармай отыр батылым.
Көктемде кеп, кеткен қайта көктемде
Кім еске алды қазақтың бір ақынын.
Кім еске алды о дүниелік жақынын?
Күз де келді-ау...
Басқа сөзге бет бұрма,
Мұңдануға келдік біздер тек мұнда.
Алатаудың аңғарынан айғайлап,
Қайран Мұқам, көктем келер
Деп тұр ма?
Қайран Мұқам,
Қайран Мұқам, жет мұнда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу