Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  106


Автор: Әбубәкір Қайран

Шегірткелі, шеңгелді, шұбар шилі...

Шегірткелі, шеңгелді, шұбар шилі
Жерімді аңсап жүрегім сыңарсиды.
Өзегімді өртесе өткен күндер,
Өн бойымнан өлең мен мұң аңқиды.
Жататұғын жартасын жасын ұрып,
Тұр ма таулар аспанға атырылып.
Күлімсіреп күміс күн бата ма екен,
Асқақ таудың артына жасырынып.
Көптен бері көз алдым мұнартулы,
Ауыл жаққа аңсарым шын артулы.
Сол ауылда маздаған махаббатым,
Сол ауылда бастағам құмартуды.
Қолаң шашты, бота көз, аққұбалау
Ару сүйдім кеудемнен атқып алау...
Ойлап тұрсам, сол бір қыз, сол бір ауыл,
Бәрінен де бәрінен жақсырақ-ау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу