Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  82


Автор: Әбубәкір Қайран

Мен өмірде дүлей көрдім, дүр көрдім,

Мен өмірде дүлей көрдім, дүр көрдім,
Нәзік көрдім нәті сынды гүлдердің.
Періштенің дәргейіне бас ұрып,
Перілердің сиқырына сыр бердім.
Жасық көрдім жанарынан нұр тайған,
Пасық көрдім пайда ойлаумен қартайған
Жомарттарға жол тіледім тәңірден,
Нәмәрттарға қайран көңілім ортайған.
Мұңы сынды мынау бейбақ әлемнің,
Шыны сынды шынын айтпас әйелдің.
Көзге түспес, көңіл ұғар тылсым бар,
Быт-шыт қылар бәрін есек дәмеңнің.
Білдім мәнін шын, өтірік күлудің,
Бір у басын алып жатыр бір удың.
Тұлданғаны қорлығы екен жігіттің,
Бұлданғаны қулығы екен сұлудың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу