Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  156


Автор: Серік Әбіл

ТУҒАН ЖЕР

(толғау)
Туған жер, тұлпар тұяқ ұлыңмын мен,
Тулаған топырағыңда құлын күннен.
Қара жерде туған жер қасиетті,
Əне сол қасиетіңе жүгіндім мен
Əне сол қасиетіңе жүгінемін,
Жігерім жеткенінше жүгіремін.
Сансыздаған арманшыл азаматын,
Көмбесінен тосып тұр бүгін елім.
Тұлпар тұяқ қызады шапқан сайын.
Қара жердің ақ шаңын қапқан сайын.
Бірақ та мен деп бүгін жүргенім жоқ,
Дара басым кенелер бақты аңсайын.
Туған жердің сөнбекші оты кімнен,
Деп ішімнен күбірлеп отырмын мен.
Ақ тілекпен аттандым ауылымнан,
Бір сезім туды маған осы күннен.
Қыраттарға келемін қимай қарап,
Жүрек тулап кеудеме симай барад.
Қарағанды қапталдар еске салды,
Пыр
-пыр ұшқан шілдерін шимай қанат.
Киелі құс кептерлі керіштерім,
Ардалы алқап, ақ жота еңістерім.
Сексеуілді, жыңғылды жылғаларым,
Жүрегімде жаттаулы тегіс менің.
Қарқылдаған қарғалы тоғайларым,
Күндіз бұққан үкіңдей көп ойладым.
Жасырынып кеудемде жатқанменен,
Білемін түнде шығар орай барын.
Ақ өркеші ардалы өзендерім,
Гүл көмкерген көк белді кезеңдерім.
Тұнық жырмен халқымды сусындатсам,
Өркештесе өзіңдей өз еңбегім.
Ақ арманың тоғысып ақ таңыңда,
Ақ жол тілеп аттанып жатқанымда.
Ертең үшін еркеңнің еркі басқан,
Қайғым да сен, туған жер, мақтаным да.
Ойды бұзып əрдəйім отырады,
Қара қоңыр туған жер топырағы.
Барасың мені тастап қайда кетіп,
Дегендей ақ бас шыңды шоқылары.
Жоқ, туған жер, мен сені тастамаймын,
Жетіп жатыр онсыз да басқа қайғым.


Сен менің жүрегімнің лүпілісің,
Арманым алғы күнге асқақ айбын.
Тұлпар шабыт шаң көрсе ала қашқан,
Азаматпын арманмен жағаласқан.
Туған жерім аптығам мен несіне,
Қалмаса ізім бетіңде дара басқан.
Дүниеге мен есік қаққанымда,
Аласұрған ақ бұрқақ ақпаныңда.
Туылуым ақпанның ақ таңында,
Мазмұн бере алады мақтаныма.
Аязыңда тыныстап бірінші рет,
Тірлігіме қарадым күлімсіреп,
Əжем мені салып ап шалғышына,
Жүгіргенде көршіге шүйіншілеп.
Қасиет бар таңының қандайында,
Шұғылалы күніңнің маңдайымда.
Ақ сүтіне анамның қосып жеген,
Топырағыңның дəмі бар таңдайымда.
Бір өзіңнің ертеңің - тұнық қайғым.
Жүрегімнің жылуын суытпаймын.
Ақ отаудың сөндірмен ақ жалынын,
Ақ батасын атаның ұмытпаймын.
Мұң шаттығын тең көріп боздаламның,
Топырағыңда тұтанып қозданамын.
Қалай ғана ұмытамын кеше сенде,
Бозінген боп боздақтар боздағанын.
Суарылған қанменен қарағаймын,
Дара бастың бақытын санамаймын.
Туған жер терегінің жапырағын да,
Жамбысына басқаның баламаймын.
Қара қаны төгілген қара нардың,
Бодауысың туған жер бабалардың.
Көбең күнде көз жасы құрғамаған
Ұрпағыңмын сондағы бабалардың.
Сетерлердің сезетін қасиетін,
Азаматтар аз емес бас иетін.
Қара жолда қансырап қалғандардың,
Ұмытпайды ұрпақтар өсиетін.
Ажал оғы жалмаған ақ иықты,
Қара таудың қойнына қай ұйыпты.
Қара жартас бетіне қара қанмен,
Көріп жүрміз жазылған тарихты.
Өзімізше бұл күндер жүрдік еркін,
Күндер алда жылатып
-күлдіретін.
Бəрі
-бəрі жүрекке түйдектеліп,
Танытады туған жер құдыретін.
Ақ тілеп қозғалса қол ұшымыз,
Есебіміз дайын тұр соғысымыз.
Азаматтар жүгінсек ақиқатқа,
Туған жер деп тер төгу борышымыз.
Бақытына басқаның қиялдаймыз,
Құр қиялмен құрлыққа сия алмаймыз.
Бабалар қанын төккен қара жерге,
Біз неге терімізді қия алмаймыз.
Қайда қалды тілегі бабалардың,
Қайда қалды арманы ағалардың.
Қайда қалды туған жер қасиеті,
Не болады ертеңі балалардың?
Қара ұлы едім қыратты қара белдің,
Арман қуып ақыры қала келдім.


Ертеңді ойлап тынысым тарылады,
Қадамына қарқынды қарап елдің.
Тарылады қадамым жүрген сайын,
Көлеңкесін көңілдің білген сайын.
Мен енді береке деп белді буып,
Туған жерді түсінер күнді аңсаймын.
Арайланған алдыда тұнық таң бар,
Суытпаңдар жүректі суытпаңдар!
Бақытымен басқаның байи алмас,
Туған жердің киесін ұмытқандар.
Күрең қабақ күндермен керіспесем,
Келісетін майданға келіспес ем.
Жігіт болып несіне жаратылдым,
Туған елдің қайғысын бөліспесем.
Арпалыс бар əлі, күресің бар
Күресіңмен көтерер үлесім бар.
Жүрегімнің түбіне ұялаған, «Туған жер» деп сақталған бір есім бар.
Үліңгірім, өзенің тасып аққан,
Сенің жалпақ жағаңда асық атқам.
Бұйра ағынды Бұйрат құм баурайыңда
Бабам анау көмулі басы жатқан.
Аялаңдар атаның асы қымбат,
Туған жер топырағыңның тасы қымбат.
Ұрпақ деген ұлы есім ескергенге,
Бала үшін бабаның басы қымбат.
Туған жерім арман жоқ менде бөтен,
Күңіреніп те күліп те сен деп өтем.
Өзім
-дағы өзіңде көмілемін,
Өз қолымен бабамды көмген екем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу