Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  86


Автор: Серік Әбіл

ЗУХАНЫҢ БАСЫ

(поэма)
Өрлемес мəңгі өмірдің тасы,
Тоқтаған қашан тірліктің қасы.
Таразы болған теңсіздіктерге,
Зұлымдар кескен Зуханың басы.
Талайдың бойдан жуылар насы,
Ғасырлар бойы берілер асы.
Кесірден сақтап келіпті елін,
Кесілген кеше Зуханың басы.


Болмаған жерде бірліктің басы,
Сорлаған жанның сорғалар жасы.
Қабынған қара ниеттер қалай?
Білгізген соны Зуханың басы.
Сан істі басқа салғандығында,
Ұмытпа өмір жалғандығында.
Зуханың басын бодауға беріп,
Көп бастар аман қалғандығында.
Ұмытпа, досы қас келгендігін,
Ұмытпа халық ас бергендігін.
Ұмытпа əркез ел ертеңі үшін,
Əкесі кімнің бас бергендігін.
Ұмытпа елім, ұмытпа ұрпақ,
Тарих бетін қане кім жыртат.
Кешегі күннен жаңылған жандар,
Есіріп жүріп ертеңін құртат.
Талайды талғап құрықтағаның,
Асыңды үрлеп ұрыттағаның.
Қас пенен досты айыра білсең,
Зуханың басын ұмытпағаның.
Арайлап тағы таңым атқаны,
Шарапат біздің шаңырақтағы.
Намыс жолында нар боп өт дейді,
Аталарымның аруақтары.
Талайды сыйлап өсірген ол бас,
Талайды сыйлап кешірген ол бас.
Ақыл боп заңғар ел бастағанымен,
Батыр боп аңғал кесілген сол бас.
Халыққа керек қалаулы дана,
Қан сіңіп кеткен алаулы дала.
Ас беретіндер көп болғанымен,
Бас беретіндер санаулы ғана.
Өтірік күліп жарасатындар,
Өзі үшін ғана қашалатындар.
Өздерін сынап көрсеші осы,
Шаш ал дегенде бас алатындар.
Адамға керек сенімді жолдас,
Озбырлық қылған түбінде оңбас.
Халықтың қара ылағы болып,
Қажетті кезде кесілген сол бас.
Ертеңін білмей есірген бас бар,
Ел қанын еміп кекірген бас бар.
Кеңесін білмей кесілген бастар,
Жетелі болмас жетілген жастар.
Тірлік балықтай, жүр ғой жарытпай,
Мінсем шарықтай, қыран шабытқа-ай,
Кесілген бастың соңына түскен,
Күй кешем кейде Сұлтаншəріптай.
Бастарын талай қылыштар кескен,
Төстерін талай мырыштар тескен.
Боздап бір өткен боздақтарым-ай,
Ойласаң ғажап құрыштар неткен.
Барлығын соның құшағына ала,
Зар-мұңын шерткен құсалы дала.
Ұмытылмайтын ұлылар көп қой,
Зуханың басы мысалы ғана.
Толық боп мəңгі айыл-тұрманың,
Тілеймін оңнан айың туғанын.
Естіп ал елім қажет боп қалса,
Менің де басым дайын тұрғанын.
Ел үшін қажет кезінде мынау,
Менің де басым дайын тұрғанын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу