Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  87


Автор: Әбубәкір Қайран

Жабығу

Отырмын үнсіз ойланып,
меңіреу бақтай,
Көкірек – кеудем қойды ғой
қоңырау қақпай.
Тереңге неге телмірем,
(колымды байлап)
Отырмын неге самалға
омырауды ашпай?
Сезімдер сонша үргедек–
қалтырап әрең,
тұншығып іштей,
булығып, алқына берем.
Меңіреу баққа үйір ғой қара қарғалар,
Мен қалай осы...
Мен қалай қалпыма келем?
Қолыңды созып келсеңші,
Сыр ашпай маған,
От тисе болды күздегі құрақтай жанам.
Нұрланып тұрып,
бір-бірін қуантпай ма адам,
Сұрланып тұрып.
бір-бірін мүңайтпай ма адам!
Келіп кет маған,
Келіп кет...
Мен барсам ба екен?
Өзгені қойып,
өзімді қолға апсам ба екен?
Келмесең келме,
ойларсың, ойларсың мені,
Жетелеп сені кеткенде жолдар
сан бөтен.
Отырмын сынтас секілді,
жаншылып жаным,
Өлтіріп алдым,
өлтірдің жан шыбықтарын.
Көктейді қашан білмеймін...
Көктейді олар,
Кездесіп саған айтқанда аршылып бәрін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу