Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  102


Автор: Әбубәкір Қайран

Аңсар

Аңсар. Аңсар.
Шіркін Аңсар, бұл Аңсар –
Тас жүректі жарып шыққан бір Анчар.
Туған жердің самалына тербелген.
Бұдыры жоқ,
Қылығы көп бұлаң тал.
Бұлаң талдың бұлқынғанда бұрымы
Туған жерге
туралай тарт, ұран сап.
Осы бір шақ –
отты өмір, қыран шақ,
Қыран шақты жүрегіңмен жүр аңсап
Аңсар барда күйкі өмірден тұр алшақ.
Аңсар. Аңсар.
Аңсар деген – мөлдірлік.
Аңсар деген – емес, сірә, көлгірлік.
Аңсап жүріп,
Шаршап жүріп жөн білдік.
Аңсап жүріп аруларды көндірдік.
Жүрегінде аңсары жоқ жандардың
Бір ғасырлық тіршілігі –
он күндік.
Аңсар! Аңсар!
Шіркін Аңсар, бұл Аңсар,
Менің мынау жүрегімде тұр ән сап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу