Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  129


Автор: Әбубәкір Қайран

Біз, адамдар

Біз, адамдар,
бармыз жердің бетіңде,
Біз, адамдар,
тұрмыз жардың шетінде.
Біз, адамдар,
жапырақпыз кәдімгі,
Жерден өндік,
Аспан бізге жамылғы.
Біз, адамдар,
білімдіміз, білеміз,
«Міне, көктем,
Міне, жазың, міне күз.
Міне, ақпан,
Міне, мамыр келді!» – деп
Көктемеге көз сүземіз елжіреп.
Түрен салып,
түріп жердің қыртысын
айырамыз топырақтың түр-түсін.
Дәнді сеуіп
суарамыз, күтеміз,
Қаталаймыз, қара терге түсеміз.
Диқан баба,
Шопан ата бірігіп,
Той жасайды
Жер рахатын сіміріп...
Адамзаттың толықсыған дер шағы,
Неге бірақ жаутаңдайды Жер шары?
Кінәлі кім?
Диқан ба, әлде шопан ба,
Геолог па кен іздеген Отанға?..
Біз, адамдар,бармыз жердің бетінде,
Біз, адамдар,
тұрмыз жардың шетінде.
Қақымыз жоқ
бірақ біздің құлауға,
Қақымыз жоқ
жалынуға, жылауға.
Құлайтындар онсыздағы құлауда
Жауап ізде тек жоғарғы сұрауға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу