Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  115


Автор: Әбубәкір Қайран

Байлық деген мал мен дәулет болса егер...

Байлық деген мал мен дәулет болса егер,
Онда мені қара жаяу кедей де.
Бақыт деген жастық, сәулет болса егер,
Ол да қалды сонау жылы Семейде.
Көп нәрсені көміп қойдым томпайтып,
Көлеңкеммен күбірлесем, кеңесем.
Бала емеспін аузын жүрер қомпайтып –
Тумысымнан мен өкпешіл емес ем.
Құласам да кінәлімін бір өзім,
Өкпешіл боп өкпелеймін кімдерге?
Желбірейді тозған тудай жүрегім,
Обалы оның аптап, аяз күндерге.
Алшаң басып, талтаң қағып жүруге,
Жаралмаған жан екенмін, соң білдім.
Намыстандым абалауға, үруге,
Өзімді өзім сөгуге әбден көндірдім.
Мал мен дәулет маңдайыма бітпеген,
Дүниеден өтті талай Қарынбай.
Тұнығым бар арам ауыз ішпеген,
Ол өзімнің аңқау, арлы жарымдай.
Мені, тағдыр, қол жетпеске әуре етпе,
Өтсем болды өзеуремей, бұзылмай.
Барша бақыт жастық пенен сәулет те
Менің балғын ұлдарым мен қызымдай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу