Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  83


Автор: Әбубәкір Қайран

Бүгін түнде

Бүгін түнде жаңбыр жауар сиқы бар,
Күркіреген күй басталар, күй тынар.
Басылғанша сол бір күйдің солығы,
Саған қандай ұйқы бар,
Маған қандай үйқы бар.
Жақсы көрем түнде жаңбыр жауғанын,
Сары даланың бұлттарды сауғанын.
Сімірсем-ау, сарай ашар ауаның
Жер иісті саумалын,
Тер иісті саумалын.
Өріміндей иреңдеген қамшының,
Жақсы көрем найзағайдың жарқылын.
Жауын көркі жасын емес дегенге
Мәңгі-бақи қарсымын,
Дауласпашы, алтыным.
Оның мәнін сұрайсың ба, сұрасаң,
Жасын болам, қазір сені жылатам.
Жылатпаймын... жыр оқимын енді мен
Жанарымнан нұр атам,
Сені... сені құлатам.
Бүгін түнде жаңбыр жауар сыйқы бар,
Бүгін түнде бізге қандай ұйқы бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу