Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  96


Автор: Серік Әбіл

НАУРЫЗ ТОЛҒАУЫ

Наурыз таңы - көктем таңы шуақты,
Наурыз дəмі - көптің дəмі қуатты.
Ұлыс күні - ұлы істердің жаршысы,
Қыс пен жаздың шекарасы сияқты.
Наурыз таңы - ырысқа елді бөлейді,
Наурыз таңы - жұмысқа ерді жебейді.
Кім бол мейлің қазақ үйін қалдырмай
Көже ішіп қайт, не ғып жүрсің демейді.
Жеті түрлі ас көже дəмін теңейді.
Қаһарлы қыс, аяз кетіп арбасқан,
Қара жондар ағызды тер қар басқан.
Ал көжеден жал-жая, қазы-қартаны
Кес қиялап, қабырға мен жамбастан.
Науырыз таңы ата салтым жалғасқан.


Науырыз келді, домбырамды алайын,
Шындық үшін шырқап əнге салайын.
Қуанарым, жұбанарым туралы
Тоқталайын, құлағың сал, ағайын.
Наурыз келді
Қасиетті қаз келер,
Қуанарым - сарыны өзге саз келер,
Жұбанарым - сол шіркінді түсінбей.
Мылтығын ап сығалайды-ау өзгелер.
Наурыз келді
Аққа толар сабалар,
Қуанарым - уыз ішкен балалар.
Жұбанарым - айраныңа қарамай,
Арақпенен жынданады ағалар.
Наурыз келді
Көктем желі еседі-ау.
Қуанарым - ел де, төл де өседі-ау.
Жұбанарым - табандары тесіліп
Біздің ауыл тауға тағы көшеді-ау.
Наурыз келді
Күмбірлетер күйін ел,
Қуанарым - нажағай от үйірер.
Жұбанарым - жыландарға жан бітіп,
Қорқытады-ау қорбаңдаған бүйілер.
Наурыз келді
Əсем əн де қалықтар.
Қуанарым- ардақталар, алыптар.
Жұбанарым - қанатты су еркесі,
Ау торына ілінеді-ау балықтар.
Наурыз келді
Əжеміздің тілегі
Қуанарым - біз сол əже түлегі.
Жұбанарым - əжелер де азайып,
Ауылдың да сəні кетті, жүдеді.
Наурыз келді
Жылдың басын есептер,
Қуанарым - құлпырады-ау көшеттер.
Жұбанарым - гүл қадырын сезінбей,
Табанымен таптайды-ау бір есектер.
Наурыз келді
Қысың жылжып өтеді-ау,
Қуанарым - жаңа бір жаз жетеді- ау.
Жұбанарым- қайталанып осылай,
Жастығымды ұрлап бір күн кетеді- ау




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу