Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  107


Автор: Әбубәкір Қайран

Жар

1.
Жылдар өтті...
Сен – әйелсің, мен – ермін,
Басымыздан өтті-ау, қайран, нелер күн!
Шалқып жүріп шындап мәнін ұқпаппын,
Бір қауызда өмір сүру дегеннің.
Сезе алдың ба –
неге мәнін білмедім?
Кінәратым, кінәм да емес бұл менің.
Себеп біреу – сенің маған сенгенің,
Мезгіл– мезгіл менің шалқып жүргенім.
Сен ашылдың қауыз жарған гүлдей боп,
Мен шашылдым күркіреген күндей боп.
Сен толқыдың дәнді егінмен бірдей боп,
Жел боп тидім қадіріңді білмей көп.
Көкірекке күн көтеріп сен жүрдің,
Екі иыққа жын көтеріп мен жүрдім.
Күн мен жынның арасынан туғандар,
Найзағайдай мәрт болады, мен білдім..
Солай, жаным, бізде қарсы мінездер,
Түн күнді іздеп, түн соңынан күн іздер.
Артымызда қисық, түзу екі із бар –
Сонысымен тым қымбатты бұл іздер.
2.
Алдыңа алып отырған бөбегіңді,
Кейде маған қарайсың неге мүңды?
Жатқа біліп алдың ғой жан-дүниемді,
Жатқа оқитын қыз едің өлеңімді.
Жабырқасам, жабықсам есіме алам,
«Жалғыз досың менмін ғой» дегеніңді.
Бар да шығар достарым, жоқ та шығар,
Көбелекпін, әйтеуір, отқа асығар.
Жан достарым жанымды жерлеп кетсе,
Онда мені бар деме, жоққа шығар.
Көшке берген тайларын қайтарып бер,
Кекілінен кес дағы, ноқтасын ал...
3.
Кінәлама.
«Қайда жүрсің?» – деп менен сұрама да,
Сен деп тұрған әйтеуір бірдеңе бар.
Ол кеудемде – ол, міне, мына арада.
Қазаныңды отқа қой, қарным ашты,
Күңірінбе, күрсінбе, жылама да.
Қалжырама.
Отырғанда сүйкімді қалғып ана,
Түңғышыңдай еркелеп келіп түрмын–
Қандай өзі?
Кімдермен каңғыған,ә?!
Ғажапсың ғой,
Ғажайып үн шығаршы
Қолым тиіп кеткендей домбыраға,..
Күл осылай,
Таудың таза бұраң бел тұмасындай,
Күл, күл тағы, сонан соң мен күлемін,
Сен күлмесең– тұманым тұр ашылмай...
Мінезіңнің ауыры-ай, сары бәйбіше,
Сәл кінәлап, сәл күліп тұрасың жай.
Ұмыт болған ғасырдың мұрасындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу