Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  85


Автор: Әбубәкір Қайран

Сәби гүлге тамды көктен аққан сүт...

Сәби гүлге тамды көктен аққан сүт,
Бағбан самал шөптің түбін жатты аршып.
Кір-қожалақ күшіктерін ойнатып,
Күншуақта көсіледі аш қаншық.
Көн-терісі сүйегіне жабысқан,
Құрғап емшек, құрсағы да қабысқан.
Аш қаншықты алатұғын ажалдай,
Манағыдан маңайлап жүр сауысқан.
Күшіктердің көп ойлаумен тоқтығын,
Ит ұмытқан иесінің жоқтығын.
Тым бақытты көрінеді қозылар,
Тістеп жатқан балаусаны көк тұлым.
Көктем күні қандай қысқа!
Кеш кірді,
Түн де келді алаң етпей ешкімді.
Көктем түнін күңірентіп тек қана
Аш қаншықтың ұлығаны естілді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу