Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  101


Автор: Серік Әбіл

ДАЛА

Бөтендер қорыққан бөрігі дара,
Бөкендер жортқан бөрілі дала.
Өмірдің талай өзекті ойын,
Көкемдер қортқан көңілі дана.
Адамның арман серігі ғана,
Жүректе жүрер сенімі сара.
Тағдырың ғажап, жан жырың ғажап,
Періште қонған перілі дала.
Құрық түспеген құланды дала,
Бұлт тістеген тұманды дала.
Жырынды жылдар жылап та қалған,
Жанары жасты жыланды дала.
Ұрпағы ұлы ұранды дала,
Көкірегі көрік жыр дəнді дала.
Керуенді дала, серуенді дала,
Түлкісін бүрген қыранды дала.
Абайды елге аңдытқан дала,
Талайды кейде қаңғытқан дала.
Бөрігі жыртық, бөксесі тыртық,
Шаң жұтқан дала, қан жұтқан дала.
Жауына сеніп өңірін ашқан,
Тауына сеніп көңілін басқан.
Кезеңді дала, өзенді дала,
Көк күмбезіне көбігін шашқан.
Ерлері дана, ерменді дала,
Мерейі асқан мергенді дала.
Боздалам- ау деп боздап бір өткен,
Боздақтар сенде жерленді, дала.
Жусанды мекен жуалы дала,
Сарқылмас елдің бұлағы дала.
Ұлыларымды қайтарып берші,
Қайталай қашан туады дала!
Жауынды дала, дауылды дала,
Қуат қып келдім тауымды дала.
Өсірдің қанша бүйілеріңді,
Кешірдің қанша жауыңды, дала.
Сыбызғы сырлы сарынды дала,
Самалы ескен сағымды дала.
Тарихым да бар, шала ұйқым да бар,
Тілеймін аман
-сауыңды ғана.
Бабамнан қалған тұрағым дала,
Анамнан қалған тұмарым дала.
Бар асылым сен, шуағым дала,
Қарашығым сен, шырағым дала.
Санасы жоқтың бағасы да жоқ,
Данасы жоқтың ағасы да жоқ.
Даласы жоқтың панасы да жоқ!
Зары бар дала, қары бар дала,
Шаңырақ салар нары бар дала.
Тұлпарларының тұқымы таза,
Сұңқарларының ары бар дала.
Ойыма шуақ сəні бар дала,
Бойыма қуат дəні бар дала.
Таң самалының нəрі бар дала,
Аңсағанымның бəрі бар дала.
Далам- ау, далам мақтаным менің,
Арайлап атқан ақ таңым менің


Бұлбұлың сайрап, мың гүлің жайнап,
Қандай тамаша жатқаның сенің.
Сахара төсі самалың тербеп,
Сахна кеші жамалым терлеп.
Тыныштық тілеп мынау əлемге,
Өте берейін өзің деп, ел деп! ! !
Даламның əнін келер шырқағым,
Басына шығып нелер қырқаның.
Батаң кеп маған тақымға түссе,
Махамбет бабам мінген тұлпарым
2012.6.6




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу