Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  123


Автор: Серік Әбіл

БУРЫЛТОҒАЙ

Жетарал Үліңгірдің құйғанында,
Туған ел маған бақыт сыйладың ба.
Ауылдан аттанарда жаным толқып,
Артыма қарай бердім қимадым да.
Бурылтай мініп өскен Бурылтоғай,
Бұралған арулардай бұрым тарай.
Секілді- ақ шапағың ақ тамағым,
Сезбегем қадырыңды бұрын қалай.
Аққудай айдыныңа тербетілген,
Сағынып түсте көрдім шырын талай.


Кешіп ем туған далам тұнығыңнан,
Өсіп ем самал тарап тұлымымнан.
Қайтқан қаз қарашада сияқтанып,
Кетіп ем қанат қағып тұғырымнан.
Сартақтай Үліңгірдің жағасында,
Жиделі жиек нудың арасында.
Күймелі керуендей күй кештірген,
Арман мен сағыныштың бəрі осында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу