Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  87


Автор: Әбубәкір Қайран

Сұлулық

Сұлулық, сенің сырың мол,
Сыралғы емессің ешкімге.
Сопы да сен деп күбірлер,
Есінен танар естің де.
Сиқыр боп, сыр боп, нұр болып,
Сен көштің әйел бетіне.
Қадалдың сонсоң мір болып,
Еркектің тажал ниетіне.
Патшаның тағын ойрандап,
Бүктірдің тізе хандарға.
Сен шыға келсен жайраңдап,
Жымияр жыртқыш аңдар да.
Қансырамады қай жүрек,
Мәжнүнді естен айырдың.
Суретшілерге қайғы боп,
Қасіреті болдың шайырдың.
Сен өзі болдың Ардың да,
Сен болдың жыр мен күй алды.
Қызарып сенің алдыңда,
Ұяттың өзі ұялды.
Басына алмады еш пенде,
Бағалай білдің бағыңды.
Үмітін өзің кескенде,
Талайлар топырақ жамылды.
Сұлулык, сұмсың, зұлымсың,.,
Айыбың да емес ол сенің.
Үзілмейтұғын жұлынсың,
Ұғымға сыймас өлшемің.
Ерлердің бәрі құлдар шын–
Емеуірін берсең болғаны.
Жүректегіні де ұрларсың,
Дәулетті де алып қолдағы.
Жайнамас сенсіз ғажап бақ,
Сайрамас бұлбұл кұбылып.
Келесің бәрін азаптап,
Нәпсінің көзсіз құлы ғып.
Қолына түссең біреудің,
Қайғысы сенсің, соры да.
Қара боп бәрі тілеудің,
Айналар адам қорына.
Мақтанар байғұс аз-ақ күн,
Алғаным сұлу болды деп.
Құлы боп сонсоң мазақтың,
Семер де, сөнер сол жүрек.
Сұлулык, сонша мұндысың,
Жылайсың сен де еңіреп.
Біреудің сүйіп “жындысын”,
Құшса екен дейсің мені кеп.
Тәнті етіп тартсаң өзіңе,
Тәніңе кірер қара алмас.
Көрінбей қайтып көзіңе,
Қойныңа сусап оралмас.
Саяңда болып кетсе де,
Сайқал деп сені білер ол.
Жез таға қағып өкшеңе,
Біреуге барып күлер ол...
Сұлулық жалқы, жесірсің,
Қасың көп және досың жоқ.
Біреулер үшін кесірсің,
Қолынан келсе өшірмек.
Сұлулық, күнсің, жылусың,
Аспансың ашық, қаракөк.
Сүлулық, мәңгі сұлусың–
Адамға қалсаң Ана бол.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу