Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  131


Автор: Әбубәкір Қайран

Қамыс пен қурай

– Күнәһарсың,– деді Қурай
Қамыска,
Мойның созып көп карайсың алысқа.
Үлпілдеген үкің сенің не теңің,
Салдақысың, сатал– сатал етегің.
Қамыс қатты қапаланды,
Қысылды.
Намыстанды,
Назарын да түсірді.
Қурай-қыздың қужақтығын білмеген,
Түрі ме екен түр-сипатын күндеген.
Көрінгеннің аяғына оралған,
Қурай оны сөкті бүгін,
О, жалған!
«Ішің толған ібіліс»– деп айтуға
Қамыс-қыздың тілі бармай, қайтуда.
–Күнәһарсың! – деді Қурай тағы да,
Батпақ сенің кезігіпті бағыңа,
Тастақ болса тастар еді лақтырып,
Момын неме қалған екен жақтырып.
– Қурай құрбым,– деді Қамыс,
– Не дейін.
Күндегенің үкім болса...
Берейін.
Батпақ саған бақыт болса ерекше,
Оны да алшы, оны да алшы керексе.
Қурай сонда тұрды қатты түтігіп;
– Кеттім – деді – мен үкіңе түкіріп.
Білді өзіне жараспасын үкінің,
Білді өзіне жаратқанның үкімін.
Содан бері Қамыс әнін салуда,
Содан бері Қурай қурап қалуда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу