Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  142


Автор: Әбубәкір Қайран

Жастық-ай жастық

Жастық-ай, жастық,
Мен сені тербетем күнде.
Тербетем неге –
Сенімен теңбе-теңмін бе?
Бас сұғып мынау
Отыздың ойлы орманына,
Терлетемін бе өзімді,
Кері кетемін бе?
Сырғуда менің сыңсыған
Сынап күндерім,
Қайран қап тұрып,
Қай үнге құлақ түрмедім.
Құлап кетем бе бір күні,
Жылап кетем бе,
Сияқты мынау жалғанға
Жылап кіргенім.
Жастық-ай, жастық,
Жанымды ұқ,
Жасытпа мені,
Суыған жанның жетпейді
Ғашыққа демі.
Өртімді қайтіп басамын,
Еркімді қайтіп,
Аймаңдай маған;
– Аптықпа, асықпа, – деді.
Баса алмай жүрмін,
Баспаймын жан құмарымды,
Жасынмен сипап оятам
Жаңбыр әнімді.
Сарқа көрмеші
Сап-сары сағынышымды,
Ей, жастық, менде бар болсаң,
Сал құлағыңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу