Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  73


Автор: Серік Әбіл

НАУРЫЗ САҒЫНЫШЫ

Наурыз келді түрленіп таң шуағы,
Сарыарқаның бүрленіп сан шынары.
Алатаудан асқан бұлт Алматыға,
Сағыныштың жасындай тамшылады.
Еске аламын еріксіз өткендерді,
Наурыз келді, наз келді, көктем келді.
Наурыз келді, қаз келді, сен келмедің,
Өз лебіңе баладым өпкен желді.
Сағынышым тербейді көк пен жерді.
Сенімменен серт беріп сенем деген,
Елесіңді еске алып елеңдегем.
Күміс сырғам күн сайын сыбырлайды,
Дауысыңды наурызда келем деген.
2008. 2. 15




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу