Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  84


Автор: Әбубәкір Қайран

От пен тұз

Отан, маған отыңды бер, отыңды,
Сол отпенен жылытайын қосымды.
Сол отпен мен сом темірді илейін,
Сол отқа мен шақырайын досымды,
Отан маған отыңды бер, отыңды.
Жыр оқысам оттар ұшып көзімнен,
Сәуле шашып мен тұрайын өзімнен.
Ұран отын жағар күндер келсе егер,
Тұңғыш отың мен болайын көрінген–
Хабар беріп мен тұрайын өмірден.
Отан, маған тұзынды бер, тұзыңды,
Тұзыңмен тарт, жырыңмен тарт ұлыңды.
Түйір тұзың түгел менің өмірім–
Көргім келмес басқа жерде күнімді.
Отан, маған тұзыңды бер, тұзыңды.
Сенің тұзың – батыр ұлдын соңғы әні,
Саған деген сағынышы сондағы.
Сол бір ұлдай сүйем сені, сүйем мен,
От пен тұздан айырмасаң болғаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу