Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  150


Автор: Әбубәкір Қайран

Тарбағатай

Өмір өткен бұл тауда,
Өмір өткен.
Өмір өткен ерлерін еңіреткен.
Сері де еткен сайымен серуен құрып,
Тамылжып ән тастарын тебіренткен.
Тарбағатай – қара нар
Қапталында
Сүйретіліп қазақтың соры кеткен.
Көштер өткен басынан,
Көштер өткен,
Құздан құлап, ары асқан көп белестен.
Жаяу-жалпы босыпты қайран қазақ,
Күнгейде күткен бақыт жоқ деместен.
Өтіпті те кетіпті Арғыбетке
Қатты шошып әлдебір отты елестен,
Теріскей теріс қарап қала берді
Анадай жалғыз ұлы өкпелеткен.
Анасынан безген үл,
Анасынан.
Жақсылық таппас жаттың арасынан.
Қайран қазақ толқыпты қайта бері
Теңіздей төңкерілген шарасынан.
Өткен ел өткен екен Бергібетке
Адасып іні кепті ағасынан,
Айрылып піспек қапты сабасынан...
Тарбағатай – мұңды тау,
Мұнарлы тау.
Тасы тарғыл,
Тарихы тұманды тау.
Бір бағы қайтқан елі қазақтығын,
Діндары әкеліпті құранды сау...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу