Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  355


Автор: Әбубәкір Қайран

ҚАРА ИТ ТУРАЛЫ ХИКАЯ

Жер үстінде, мынау аспан астында
Әлімсақтан ит бөріге қас тұлға.
Біреу сеніп, біреу сенбес бұл жайға –
Біздің қара ит еріп кетті қасқырға.
Қара төбет иттің еді «сұлтаны»,
Абалаумен атар еді кіл таңы.
Біздің малдың амандығын ойлайтын,
Қазақы иттің «қазыналы» ұрпағы.
Кербез еді, келісті еді пішіні,
Дауыс жетпес жерден таныр кісіні.
Бір айыбы – «іннен шыққан» аты бар –
Бұл нән төбет – жабайы иттің күшігі.
Өсті күшік талай итке таланып,
Жатушы еді қанын жалап, қабарып.
Мұртын сипап, әкем күліп қоятын –
«Ар жағында бір жігердің бары анық».
Жетті үйіне,
Ит шақ келмес боп алды,
Бір қыста өзі үш-төрт рет жоғалды.
 Айға қарап ұлитынды шығарып,
Салады енді түні бойы озанды.
Қандай екен жанын жеген қу азап?
Қойған сынды басын біреу дуалап.
«Өз басыңа көрінгір!» – деп төбетті
Шешем жүрер таяқ алып қуалап.
Қара ит енді үндемейді – үрмейді,
«Келдің-кеттің» – шаруасы жоқ – білмейді.
Мал іздеген біреу келіп көйітті –
Біздің қара ит қасқырлармен жүр – дейді.
Күні бойы жатып-жатып, күн батса,
Қара ит кетіп қалатын-ды бір жаққа.
Ағам күлді: – Бөрілермен әуей боп,
Қасқыр келін әкелмесін бұл қасқа.
Үйден бірде шыға келсе сол ағам,
(Күн де бұл кез жаман екен бораған),
Үсті-басы сауыс-сауыс мұз болып,
Ит келіпті қаншырдай боп жараған.
Және үш қасқыр отыр дейді шоқайып,
Дегендей-ақ, «ит-екеңді тосайық».
Ит еркелеп асылыпты ағама, –
«Достарымды ертіп келсем несі айып?!»
Онысына қарасын ба малшы адам,
(Қасқыр атып алуды әркім аңсаған).
Мылтық алып қайта шықса, қасқыр жоқ,
Қара төбет жатыр дейді шаршаған.
«Кейбіреулер жүруші еді көп күндеп,
Қасқырға еріп, қасқыр болып кеттің» деп.
 Ағам итті бір салыпты мылтықпен,
Ашуланып келген бойы екпіндеп.
Бұл ұрғаны – алғаш, соңғы ұрғаны-ақ,
Ит тайыпты арт жағына бір қарап.
Ішін тартып қалыпты ағам сол кезде!
«Енді малға тимесін – деп – бұл дорақ».
Сол кеткеннен қара төбет мол кетті.
Итімізден айырылдық құрметті.
Қасқыр қуған малшылары ауданның:
«Қара қасқыр пайда болды бір» депті...
Кеткен ұзап тастап үйін, мекенін,
Сол итті ойлап мұңға батып кетемін.
Білмейді ғой, білмейді ғой аңшылар
«Қара қасқыр» біздің төбет екенін.
Басқа қарғып, қыңсылайтын еркелеп,
Неге ауылды тастап кетті сол төбет?
Иттерменен ит болудан жалығып,
Есі барда ел тапты ма ертерек?
Әлде мұның ата тегі бөрі ме?
Ін еді ғой туып-өскен жері де.
Қасқыр қаны тамырларын тепкілеп,
Тартып әлде кетті ме екен тегіне?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу