Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  308


Автор: Әбубәкір Қайран

ҚАНЫШ-ЖҮРЕК

Санасы – салқар,
Сезімі – от,
Ойлары – дастан,
Керілген кербез кеудеден бой, бағы да асқан.
Еңсесі – тауға,
Маңдайы далаға тартқан –
Еріне Жері құпия қойнауын ашқан.
Байтағын сүйіп,
Бақытын егіле тілеп,
Еңіреп жұрты жыласа,
Езіле жүдеп.
Заманның сызы тоңдырып,
Адамның мұңы,
Мұздады бірде,
Сыздады Едіге-Жүрек.
Бабалар сөзін тұлпардың ізіндей көрген,
Жадына жаттап,
Санаға тізімдей берген.
Тектіден туып,
Тел емген Аспан мен Жерді,
Түбінен тартып Қаракөк үзілмей келген.
Көргенде керік кеудені,
Арыстан басты –
Шері мен бөрі шендеспей,
Алыстан қашты.
Адамның ұлын аялап,
Анадай сүйіп,
Айтыңдар, бүгін қай қазақ Қаныштан асты!?
Қан-ағамды айтсам –
Қомданам,
 Балаша бөсем,
Шат болман қалай,
Шартарап санаса көсем.
Әспенсу болмас –
Әлемдік шыңдардың көбі
Имантайұлы Қаныштан аласа десем.
Ұмытпас оны жат-жақын,
Ұлы Елі болып,
Тұтқасы көріп,
Тұлғасы, тірегі көріп.
Қалады, білем,
Қасиет қазаққа біткен
Қаныштың мәңгі өлмейтін жүрегі болып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу