👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  45


Автор: Әбубәкір Қайран

АЛБАН ҰЗАҚ БАТЫРДЫҢ АҚЫРҒЫ СӨЗІ

Жасынға жігерімді жанып алған,
Жан едім жолдас ерткен ары бардан.
Шайнаумен бармағымды кетіп барам,
Өрт алды алды-артыңды, қалың Албан.
Өрт алды алды-артыңды, қалың Албан!
Өлсем де бұл қорлықтан арыла алман.
Шынымен түнек болып өшкені ме,
Елімді емексіткен жарық арман?!.
Суының қанып ішкен тұнығынан,
Қайран ел айырылды-ау қызығынан.
Ойран-сел ойда жоқта келер деген
Ой жоқ ед Ресейдің ұлығынан.
Ойпырмай, мынау дүние не боп кеткен,
Ой менен қырдағы елді безектеткен!?
Барағым май жемейтін заман қайда?
Бақ пен сор осы екен ғой кезектескен.
Бақыттың лебі есетін бар тасынан,
Аңқитын жұпар иіс аршасынан,
Қайғысыз дәурен кешкен кеше ғана
Қайран жер, бұл күндері қан сасыған.
Орыстың ұлығындай пасық бар ма!
Қанымды ұрттап ішіп, қасықтар да.
«Елім!» деп еңіреген ер қазақтың
Жемтігін жеп жатыр-ау сасық қарға...
Алқалы ел, айналайын, айдын жайлау,
Серті еді рухымның қайғыңды ойлау.
 Түрмеден дүр сілкініп шыққанымда –
Қой боғы қорғасын оқ болды-ау байлау.
Мен қалай бар мұңымды ақтарамын,
Түбіне жетпей кеттім ақ-қараның.
Қош боп тұр, қоңыр қозым, қайран елім,
Артынан Жәмеңке ердің аттанамын.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы