Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  126


Автор: Әбубәкір Қайран

Анама ашық хат

Тәте, тәте,
Тәте, тәте, тәңірім!
Саған жетсін сағынышым, бар үнім,
Самал ессін сар даланың үстімен,
Сағынышын жыр еткенде қара ұлың.
Сағым ішін араласын құлының,
Тағы да иісін алпыс екі тамырың,
Мен өйткені тамырыңның қанымын,
Мен өйткені сағыныштың сазымын.
Мен едім ғой меңсіз қараң үкілі
Берсін дейтін арғымақтың арынын.
Тәте, тәте, тал бесікке сүйеніп,
Қалғыр едін, көкірегіңе күй еніп,
Біздер сенің кіп-кішкене арқаңа
Қанша ұйқысыз түндерді әкеп тиедік.
Жетім қалған боталарға сүт беріп,
Өсірген де сен едің ғой түйе ғып.
Жетім бота бір сені іздеп боздайтын,
Мейірімің жан жүрегін қозғайтын.
Сары май салған түйе сүтін сен берсең,
Жетім байғұс суыққа да тоңбайтын.
Білгір әкем бір сырманы жауып сап,
Сол ботаны ол да бірге қорғайтын.
Ботақан-ай, ботақан-ай, бейбак-ай,
Өсуші еді құрбысымен ойнамай.
Бұзаулармен, балалармен дос болып,
Жүруіші еді түйе екенін ойламай.
Ана, сені көрген шақта сол бота
Тайраң қағып қуанар ед ол да аса.
Көрші ауылға барар еді-ау ілесіп,
Қабағандау қара иттері болмаса,
Қарлы боран қалтыратып, тоңбаса,
Кейде ренжіп қайтушы еді
Көрші ауыл
Балалары сымтемірмен жондаса...
Сен – анасың,
Аруанасын, жан тәтем
Сен өсірген аруаналар қанша екен?
Солар менің туғандарым секілді,
Барар жерге меніменен барса екен.
Өзіңмен де өмір бойы калса екен.
Мына мені сағынғанда, жан тәтем,
Мен солардың жанарынан жалт етем.
Білем бәрін, білем бәрін, жан тәтем,
Үміттерің үрленусіз жанса екен.
Адам болам халқым үшін, сен үшін
Ар атынан, Ана атынан ант етем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу